Құқықтану кафедрасының тарихы
Аймақтық инновациялық университетінің қалыптасу және даму тарихы 2001 жылдан басталады. Оқу орны алғаш рет Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ретінде құрылып, 2002 жылдан бастап мемлекеттік лицензия негізінде жоғары білім беру қызметін жүзеге асырды. Университет әр жылдары мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу рәсімдерінен өтіп, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жүйелі түрде жетілдіріп отырды.2024 жылғы 21 мамырдан бастап оқу орнының заңды мекенжайы Шымкент қаласына ауыстырылып, білім беру ұйымы «Аймақтық инновациялық университеті» болып қайта аталды. Осы кезеңнен бастап университеттің білім беру және ғылыми қызметінде жаңа даму бағыты қалыптасып, өңірге қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға басымдық берілді.
Университеттің негізгі білім беру бағыттарының бірі –
6В04206 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасы. Бағдарлама алғашқы кезеңде «Бизнес, басқару және құқық» кафедрасының құрамында жүзеге асырылып, құқық саласы бойынша кәсіби білімі мен практикалық дағдылары қалыптасқан мамандар даярлауға бағытталды.
2024 жылғы 1 шілдеде 6В04206 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасы Тәуелсіз Қазақстандық аккредиттеу орталығының мамандандырылған аккредиттеу рәсімінен өтіп, бес жыл мерзімге аккредиттелді. Бұл білім беру бағдарламасының мазмұны, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігі және оқу үдерісінің ұйымдастырылуы белгіленген сапа талаптарына сәйкес келетінін көрсетті.
Университеттің құрылымдық дамуы және құқықтық білім беру бағытының маңыздылығы ескеріле отырып,
2026–2027 оқу жылынан бастап «Құқықтану» кафедрасы «Бизнес, басқару және құқық» кафедрасының құрамынан бөлініп, дербес құрылымдық бөлім ретінде құрылды.Қазіргі уақытта Құқықтану кафедрасын
педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Дайрабаева Гүлмира Мұратхановна басқарады. Кафедра меңгерушісінің басшылығымен білім беру сапасын арттыру, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және тәжірибеге бағдарланған заңгер мамандарды даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Кафедра құрамында 15 ғылыми дәрежелері мен кәсіби тәжірибесі бар білікті оқытушылар қызмет атқарады, атап айтқанда 8 ғылым кандидаты, 3 доктор phd, 4 магистр аға оқытушы. Профессор-оқытушылар құрамы білім алушыларға іргелі теориялық білім берумен қатар, заңнаманы тәжірибеде қолдану, құқықтық құжаттарды әзірлеу, құқықтық жағдайларды талдау және негізделген кәсіби шешімдер қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Кафедраның мақсаты
Құқықтану кафедрасының негізгі мақсаты – заңнаманы жетік меңгерген, құқықтық мәдениеті жоғары, кәсіби және әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан, азаматтар мен ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғай алатын бәсекеге қабілетті заңгер мамандарды даярлау.
Кафедра қызметі:
- ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға;
- 6В04206 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасын жетілдіруге;
- білім мен заң тәжірибесінің өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге;
- білім алушылардың құқықтық және кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға;
- жұмыс берушілермен және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатуға;
- академиялық адалдық пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға;
- цифрлық технологиялар мен заманауи оқыту әдістерін білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған.
Білім беру бағдарламасының ерекшелігі
6В04206 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар мемлекет және құқық теориясы, конституциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, еңбек құқығы, экологиялық құқық, халықаралық құқық, сондай-ақ азаматтық және қылмыстық іс жүргізу салалары бойынша жан-жақты білім алады.
Оқу үдерісінде теориялық білімді практикалық дайындықпен ұштастыруға басымдық беріледі. Білім алушылар құқықтық жағдайларды талдауға, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеуге, заңдық құжаттар әзірлеуге, оқу сот процестеріне қатысуға және кәсіби тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.
Бағдарлама түлектері мемлекеттік басқару органдарында, сот және құқық қорғау жүйесінде, прокуратурада, адвокатурада, нотариатта, заң консультацияларында, мемлекеттік және жеке ұйымдардың заң бөлімдерінде кәсіби қызмет атқара алады.